Қазақтың ақын қызы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының халық жазушысы Фариза Оңғарсынова бүгін 74 жасқа толды. Фариза Оңғарсынова 1939 жылы 5 желтоқсанда Атырау өңіріндегі Манаш ауылында дүниеге келген.
Алғашқы өлеңдері баспасөз беттерінде 1958 жылдан бастап шыққан. Әр жылдары 20-дан астам өлеңдер жинақтары, очерктері, таңдамалы шығармалары, "Біздің Камшат" повесі, аудармалары "Жазушы", "Жалын", "Молодая гвардия" баспаларынан жарық көрді.
Орыс, туысқан республикалар ақындарының, Чили ақыны П. Неруданың жырларын, кейбір драмалық шығармаларды қазақ тіліне аударған.
Ақынның шығармашылығына тән басты қасиет - шындыққа бас ию. Оның бұл қасиеті кез келген туындысынан да айқын көрініп тұрады. 1979 жылы жарық көрген «Сенің махаббатың» жинағындағы «Сырласу немесе ақын әйелдің анасымен диалогы» атты поэмасы ақын шығармашылығының шындық шырқауы, негізгі қағидасы. Шындық, қайсарлық, адамгершілік, махаббат, сенім сияқты философиялық категориялар Фариза Оңғарсынованың поэмасында нанымды, салмақты көрініс тапқан.
Фариза Оңғарсынованың өлеңдерінде жасандылық жоқ, азаматтық лирикасы сыншылдығымен, қоғамдағы, адам мінезіндегі келеңсіз тұстарды дәл нысанаға алуымен ерекшеленеді.
"Жүрек сенсің..." деген өлеңіндегі төмендегі жолдарды оқыған кезде азаматтық сарын, ар-ождан тазалығына тәнті боласыз.
Бар сияқты менде де сана, шыдам,
Жығылғанды демеуге тағы асығам.
Жасайын-ақ десем де бір астамдық,
Қорқам ардың айбалта-жазасынан.
Ақын әйелдер жанының кұпиясын, арманын, махаббатын көп жазады. Ақын - өз заманының ар-ұжданы. Ол болашақ үшін өмір сүреді. Әлденеден мұңайған кезінде, біреудің пасықтығынан жүрегі мұздаған кезінде, кешегі досының бүгін теріс айналғанын көргенде Фаризаның досы, сенері, мұңдасы, берер дәрі-дауасы – поэзия.
Ақын жырында әйелдер бейнесінің көңіл күйі дауылды сезім болып жырланады, тек жай жырлау емес, қазіргі заман талабының биік өрісіне лайықтап жырлау - Фариза туындыларының бір қыры. Әйелдер жан дүниесіне барлау жасауда ақын жетістігі мол. Оны өзі де ашып айтады: "Адам деген күрделі жаратылыс қой. Соның ішінде әйел халқының жан-дүниесі өз алдына бір әлем. Менің өз жырларымды сол әйел жанының сан күйін мүмкіндігім жеткенше жеткізгім келеді. Менің бұл тақырыптағы лирикалық кейіпкерім - әйелдер. Олардың тағдыры, жан дүниесі, күлкісі мен көз жасы өлеңдерімнің арқауы", - дей келе:
Өз-өзімнен өртеніп барам жанып,
Жүректен жас ағады тарамданып.
Менде жай жоқ бұл күнде тым болмаса
Ақтарылар алдыңда саған барып.
Жасқа ғана толады жанар налып,
Мен үшін тұр дүние қараң қалып, - деп, әйелдің мұң-қайғысын сыр ғып шертеді.
Қарапайымдылық пен нақтылық, суреткерлік пен бейнелік – оның шынайы белгілері. Ол әсіре қызыл жылтырақтықтан, сөзқуарлықтан аулақ, оның өлеңі бойында жауынгер қазақтың қаны ағады, қолында Махамбеттің семсері жарқылдайды. Ол жалған сөйлеуді, жалтақтауды, жарамсақтануды білмейді. Оның таланты ешкімге ұқсамайды. Бүгінгі ұлттық поэзиямызда өзінің ойшылдығымен, талғампаздығымен, айналасына, төңірегіне сын көзімен қарайтын биік интеллектуалдық санасымен, мұң мен көңіл күйі әсеріне бөленген сазды жырымен, әнімен оқшау тұр.